ШҚО-дағы бірқатар қала-ауданда ауызсу нормаға сәйкес келмеген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар қала-ауданда ауызсу нормаға сәйкес келмеген.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мамандар өңірдегі қала-аудандарда ауызсу сынамаларын алып, микробиологиялық және басқа да көрсеткіштерге зерттеу жүргізді.
Бірінші жартыжылдықта 1181 ауыз су сынамасы зерттелген. Оның 41-і, яғни 3,5 пайызы гигиеналық талаптарға сай келмей шықты.
«Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормалардың сақталмауы Өскемен қаласында және Алтай, Глубокое, Күршім, Зайсан аудандарында тіркелді. Ал санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 1390 сынама зерттелді. Оның ішіндегі 34 сынамада, яғни 2,4 пайызда сәйкессіздік анықталды. Бұл сынамалар Күршім және Шемонаиха аудандарында алынған. Қазіргі уақытта халықты ауызсумен қамтамасыз ететін мекемелер тиісті профилактикалық шараларды қабылдады», - делінген ақпаратта.