ШҚО-дағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында су тасқыны қаупінің беті қайтты.

ШҚО-дағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді
Фото: Нелли Нигматуллина

Екі күн бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі 608 сантиметрден асып кеткен болатын. Соның салдарынан Зубовск кентінде 10 тұрғын және 3 тұрғын емес үйдің ауласын су басқан еді. ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган мамандарының шұғыл әрекеттерінің нәтижесінде үйлерге су кірген жоқ. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бөгетті нығайту мен тұрғын үйлерді қорғауға баса мән берілген. Сол жерге мың тоннаға жуық тау жыныстары әкелініп, ыдыс-қап пен инертті материалдар төселді. 

ШҚО-дағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді
Фото: Нелли Нигматуллина

— 7,8 мың текше метрден астам су сорылды. Бұл жұмыс бірден басталып кеткендіктен, үйлерге су кірмеді. Тұрғындар үйлерінен эвакуацияланған жоқ, — дейді департамент бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.

Қазір Бұқтырмадағы су деңгейі төмендеп, 535 сантиметрді құрап отыр. Жағдай әлі бақылауда.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтеріліп кеткені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар