ШҚО-дағы қала, аудан әкімдерінің жалақысы қанша
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы қала, аудан әкімдері ай сайын қанша жалақы алады? Осыны Kazinform тілшісі біліп көрді.
Әрбір қала, аудан әкіміне ресми сауалхат жолдадық. Кейбір әкімдер бірден жауап берсе, кейбірі «Ай сайынғы жалақымыз заңға сәйкес» немесе «Жалақы ай сайын түседі» деген сияқты қисынға келмейтін жауаптар берді. Оларға бұл жауаптарының БАҚ заңына қайшы екендігін түсіндіріп, қайта хат жолдағанымызда өз еңбекақыларын нақты айтуына тура келді.
Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың жалақысы – 990 916 теңге. Бұл сомадан зейнетақы, салық және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлемдер ұсталады. Демек, әкімнің бұл айлықтан қолға алатыны 22 пайызға аз. Университетті 2001 жылы «Инженер-педагог» мамандығы бойынша бітірген Ренат Құрмамбаев мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін 2003 жылдың ақпанында Катонқарағай ауданы әкімдігінде бастаған.
Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашиновтың жалақысы – 869 870 теңге. 2011 жылы ҚазҰПУ-ды экономика мамандығы бойынша бітірген әкім «Kazenergy» жұмыс өтілін Астана қаласындағы «Қазақстандық мұнайгаз және энергетикалық ұйымдарды ассоцияциясы» халықаралық карым-қатынас бойынша департаментінің эксперт-сарапшысы ретінде бастаған.
Зайсан ауданын басқарып отырған Шығыс Қазақстан облысындағы жалғыз әкім әйел Аэлита Ахметсәлімкызының еңбекақысы – 990 996 теңге. Ол 1989 жылы Өскемен педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша аяқтаған.
1989 жылдан 2021 жылға дейін мемлекеттік компанияларда және коммерциялық құрылымдарда маман болған. 2021 жылдан Шығыс Қазақстан облысының облыстық мәслихатының VII, VIII шақырылымдарының депутаты. Ал әкімдіктегі қызметін бірден әкім лауазымынан бастаған. Зайсан ауданын 2023 жылғы 14 маусымнан бері басқарып келеді.
Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Расул Карабалиновтың жалақысы – 862 652 теңге. Осыдан екі апта бұрын ғана ауданға әкім болып Данияр Дүйсенбаев тағайындалған. Алайда ол әлі айлығын қолға алып үлгерген жоқ.
Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышовтың еңбекақысы – 941 мың теңге. 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетін «Туризм» мамандығы бойынша бітірген әкімнің мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 11 жылдан асады.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың жалақысы – 926 102 теңге. Қаланы басқарып келе жатқанына 6 жылдан асқан ол 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «География» мамандығы бойынша бітірген.
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевтің қолға алатын жалақысы – 745 864 мың теңге. 2011 жылы Халықаралық Прага университетін «Халықаралық сауда» мамандығы бойынша бітірген ол жұмыс өтілін 2011 жылы «Теплоэнергоснаб» ЖШС-да экономист болып бастады.
Самар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Майкенев бұдан әлдеқайда аз айлық алады. Нақты айтқанда, қолға – 526 мың теңге. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша білім алған шенеунік мемлекеттік қызметте 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір рет бірінші басшы болып көрген емес.
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың еңбекақысы қолға – 786 848 теңге. Осы ауданның Ақжар ауылында дүниеге келген ол еңбек өтілін Шығыс Қазақстан облыстық Ақпараттық-статистикалық орталығы баға статистикасы бөлімінің маманы-баға тіркеушісі болып бастаған.
Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың жалақысы зейнетақы, салық және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлемдерді ұстамағанда – 990 916 теңге. 1995 жылы Өскемен құрылыс-жол институтының дипломын алған әкім еңбек жолын «ШҚО Автомобиль жолдары» қазыналық кәсіпорнының 1 санатты инженері ретінде бастады.
Шемонаиха ауданын басқарып отырған Григорий Акуловтың жалақысы – 990 916 теңге. 1991 жылы Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын «Мал дәрігері» мамандығы бойынша бітірген. Оқудан соң Шемонаиха ауданында «Белокаменский» совхозында аға, содан кейін бас мал дәрігер болып жұмыс істеді. Қазіргі қызметке 2019 жылдың қаңтарында тағайындалған.