ШҚО-дағы кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 60 млн теңгеден асады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың жұмысшыларға еңбекақы бойынша берешегі 60 млн теңгеден асады.
Өңірдегі 39 кәсіпорынның 532 қызметкерге жалақыны уақытылы төлемей келе жатқаны анықталды. Бұл туралы ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов мәлім етті.
«Осы жылдың басында кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 327,1 млн теңгені құраған. Қазан айына дейін осы берешектің 262,3 млн теңгесі жабылды. Бірақ әлі де жалақы бойынша қарыз 60 млн теңгеден асып отыр», - дейді ол.
Қазіргі уақытта еңбек инспекторлары зиянды ортада жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек кітапшасын цифрландыру және электронды еңбек шарттарын HR Enbek жүйесіне тіркеу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«Өндірістегі жарақаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға төмендеді. Жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған шарттардың жалпы үлесі белсенді кәсіпорындар санының 65,1%-ын құрайды», - дейді Бақытбек Қизатов.
Айта кетейік, 2024 жылдың тоғыз айында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жеке және заңды тұлғалардан түскен 1460 өтінішті қарады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі өтініштер саны - 1139.