ШҚО-дағы кәсіпорынның 220 жұмысшысы жалақыларын ала алмай келген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың бірінде жалақыларын ала алмай келген 220 жұмысшының құқығы қорғалды.
Риддер қаласының прокурорлары «Водоканал» кәсіпорнының 220 қызметкеріне жалақы төленбей келе жатқандығын анықтаған. Компанияның жұмысшыларға берешегі - 50 млн теңгеден асып кеткен.
«Бұдан бөлек, Марқакөл ауданының прокуратурасы «Теректі» коммуналдық кәсіпорнында 16 жұмысшы 2 ай бойы жалақы алмағанын, қарыз сомасы 5,4 млн теңгені құрағанын анықтады. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша екі кәсіпорында да жалақы бойынша берешек толықтай өтелді. Жұмысшылардың құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген облыс прокуратурасы таратқан ақпаратта.
Осы ретте, ШҚО прокуратурасы жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын мүлтіксіз сақтау қажеттігін, оны бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.