ШҚО-дағы литий кенін игеру жобасы қай кезеңде тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» литий кен орнын игеру жобасының қай сатыда тұрғанын айтты.

ШҚО-дағы литий кенін игеру жобасы қай кезеңде тұр
Фото: Үкімет

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта онда Корей геоғылымдар және минералдық ресурстар институты (KIGAM) жер қойнауын жеке геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, осы аумақтағы бірқатар нысандарда тиісті қорлар анықталған. Қазір оларды әрі қарай игеру мақсатында мемлекеттік есепке қою рәсімі жүргізілуде.

– Мұнда техногендік минералдық қалдықтар туралы тарихи деректер жазылған. Бұл алаңда тиісті үйінділер де бар. Қазіргі уақытта сол жерлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде және мемлекеттік есепке қою рәсімінен өтуде. Бұл процестер заңнамалық түрде рәсімделіп, қорғалады. Қазір олардың барлығы толыққанды мемлекеттік есепке қойылып жатыр. Одан кейін мәселе осы кен орнын өңдеу және игеру кезеңіне ауысады, - деді Иран Шархан Астанада Аса маңызды минералдар жөніндегі C5+1 диалогы кулуарында.

Спикер нақты қор көлемдері тәуелсіз мамандар растағаннан кейін жарияланатынын атап өтті.

– Тәуелсіз құзыретті мамандар растаған кезде ғана нақты айтуға болады. Осы далалық маусымда біз нақты сандарды айта аламыз, - деді вице-министр.

Еске сала кетейік, KIGAM 2023 жылдың мамыр айынан бастап Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» литий кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп келеді. Институт «Қазгеология» ҰГК АҚ-нан жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия алған.

Бұған дейін «Бакенное» кен орнындағы литий қоры туралы деректер 2031 жылы ғана жалпыға қолжетімді болатыны хабарланған еді. 

Литий – электр көліктері, смартфондар, ноутбуктер және басқа да жоғары технологиялық құрылғыларға арналған аккумуляторлар өндірісіндегі негізгі компонент. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай литий батареяларына жаһандық сұраныс төрт есеге дейін артуы мүмкін.