ШҚО-дағы Марқакөл ауданында төтенше жағдай жарияланды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының аумағындағы Орта Теректі су қоймасында объектілік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Ақмола облысындағы «Қазсушар» филиалы Сілеті су қоймасындағы қақпаларды жөндеді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бейсенов айтып берді. 

- Орта Теректі су қоймасы Марқакөл ауылдық округі аумағында орналасқан. 2024 жылы су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов келген. Су қоймасын қарап шығып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген, - дейді ол.

Нұрсұлтан Бейсеновтың айтуынша, Орта Теректі су қоймасында объектілік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға аудан әкімі 8 қаңтар күні қол қойған. Бірақ бұл дәл қазір қандай да бір қауіп төніп тұр деген сөз емес.

Ал су қоймасының апаттық жағдайда тұрғандықтан жөндеуді қажет ететіндігі рас. 

- Төтенше жағдай алдын ала ойластырылып барып жарияланды. Су қоймасын көктемге дейін жөндеу қажет. Әйтпесе алдағы уақытта үйлер мен тұрғындарға қауіп төнуі мүмкін. Біздің мақсат – соның алдын алу. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін конкурстық рәсімдерді өткізіп, мердігерді анықтауымыз керек. Әзірге нақты қанша қаражат жұмсалатындығы белгісіз, - дейді аудан әкімінің орынбасары. 

Еске салсақ, осыған дейін АҚШ-тың 5 штатында төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар