ШҚО-дағы өндіріс орнынан екі адамның сүйегі табылды

ШҚО-дағы өндіріс орнынан табылған адам сүйегі жерге 100 жыл бұрын көмілген
Фото: kz.otyrar.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы өндіріс орнынан табылған адам сүйегі жерге 100 жыл бұрын көмілгені анықталды. 

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 сәуірде аудандағы өндіріс орнының аумағынан екі адамның бас сүйегі мен дене сүйегінің сынықтары табылған. Компания қызметкерлері бұл жайлы бірден полицейлерге хабар берді.

«Тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде, сүйектердің 100 жылдан астам уақыт бойы жерде жатқаны анықталды. Бірақ ол адамдардың өлу себебін білу мүмкін емес», - дейді департамент бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.

Оның айтуынша, мұрағат деректеріне сәйкес, сүйектер табылған аумақта көне жерлеу орындары бар.

«Енді сүйектерді ары қарай қайда жіберетіндігі белгісіз. Басқа жерге жерлеу туралы шешім қабылдануы ықтимал», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар