ШҚО-дағы шекаралық ауданда 104 жастағы тыл ардагері дауыс берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 104 жастағы тыл ардагері Қадиша Тұржанова облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты.
Бір ғасырдан астам жасаған кейуана маңызды саяси науқаннан шет қалмады.
Ел тарихындағы талай кезеңнің куәгері болған Қадиша Тұржанова өмір бойы бірде-бір сайлауды қалт жібермей, азаматтық ұстанымын білдіріп келеді. Бұл жолы да өз таңдауын жасап, дауыс берді.
– Ғұмырымда бірде-бір сайлауды жіберіп көрген емеспін. Өйткені ел өміріне араласуды әрдайым маңызды санадым. Міне, 104 жасымда да сайлаудан шет қалмадым. Қазақстанымызда әрдайым бейбітшілік, бірлік орнасын, еліміз өркендей берсін, – деді Қадиша Тұржанова.
Айта кетейік, бүгін өңірде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына әр буын өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында алғаш рет дауыс беруге келген 18-дегі жастар да, ғасыр жасаған қариялар да бар. Жалпы облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада ҰОС ардагері сайлау учаскесіне барғаны хабарланған.