ШҚО-дағы шекаралық екі ауданға заманауи спорт алаңдары салынады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралық екі ауданға заманауи спорт алаңдары салынбақ.

стадион
Фото: ШҚО әкімдігі

Өңірде алғаш рет салынатын осындай спорт алаңдары Қатонқарағай мен Зайсан аудандарында бой көтереді. Бұған «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Жаңа спорт алаңдары екі ауданның 20 мыңнан астам тұрғынына спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын дамытуға мүмкіндік береді.

«Шалғай, әрі шекаралас аудандарда әрқайсысының жалпы аумағы 1,7 мың шаршы метрді құрайтын алаң пайда болады. Онда жасанды көгалмен көмкерілген аумағы 40х20 метр футбол және 24х16 метр болатын баскетбол алаңдары, толықтай қажетті құрылғылармен жабдықталған көлемі 16х16 воркаут аймағы салынады», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Алаңның жан-жағы қоршалып, абаттандырылады. Жоспар бойынша спорт алаңдары 2024 жылдың 3 тоқсанында пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар