Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-дағы төрт туристік ауданда әлі күнге дейін қоқыс полигоны жоқ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында туристер жиі баратын төрт ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон әлі күнге дейін салынбаған.

қоқыс
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Бұл мәселе ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен жиын барысында көтерілді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Катонқарағай, Күршім, Самар және Марқакөл аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ. Бұл аудандар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. 

Ерлан Нысанбаев мәселені шешуді алдымен Катонқарағай ауданынан бастауды ұсынды.

- Біз пилоттық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Полигон құрылысына жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз болатын, 15 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған, - деді министр.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру туристік аумақтарды дамыту үшін аса маңызды.

- Бұл мәселені кешенді түрде шешу облыстағы экологиялық ахуалды жақсартуға, қоршаған ортаның сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде пластикті қайта өңдейтін мобильді станция іске қосылатындығы хабарланған