ШҚО-дағы ТҮКШ бөлімі әлеуметтік осал санаттағы адамдарға қоқыс тарифіне жеңілдік жасамаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Прокуратурасы Самар аудандық ТҮКШ бөлімінің әлеуметтік осал санаттағы адамдарға қоқыс тарифіне жеңілдік жасамай келгенін анықтады. 

ШҚО-дағы ТҮКШ бөлімі әлеуметтік осал санаттағы адамдарға қоқыс тарифіне жеңілдік жасамаған
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Самар ауданында ТҮКШ саласындағы заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізілді. Соның барысында жергілікті атқарушы органның Экологиялық кодекс талаптарын бұзғаны белгілі болды.

— ТҮКШ бөлімі 2013 жылдан бері қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифін бекіту кезінде әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтарға тиесілі 50%-дық жеңілдікті жасамаған. Осылайша, еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы аналар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне артық ақша төлеп келді, — делінген ақпаратта.

Қадағалау актісі бойынша бұл заң бұзу жойылып, аудан мәслихатының шешімімен тиісті шара қабылданды. Сондай-ақ жасына байланысты зейнеткерлерге, II топ мүгедектеріне 25% жеңілдік беріліп, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері қалдықтарды шығару үшін төлем жасаудан толықтай босатылды.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы Шемонаиха қаласында мыңдаған үй 1 мамырдан бастап газсыз қалайын деп тұрғаны жайлы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар