ШҚО-дағы Үлкен Нарын ауданында жағдай тұрақталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында аулалардан су шығарылып, жағдай тұрақталды.
ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылындағы жағдай тұрақталды. Кеше бұл ауылда еріген қардан су деңгейі көтеріліп, 10 аулаға су кірген болатын.
– Қазіргі уақытта ауылдағы арықтың бөгеттері күшейтіліп, аулаға кірген су мотопомпалар арқылы шығарылды. Ауылға төніп тұрған қауіп жоқ, жағдай толықтай бақылауға алынды. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Елдос Байрахметов.
Сондай-ақ Үлкен Нарын ауылында 11 үйдің ауласынан су шығарылды. Арықтар тереңдетіліп, бөгеттер күшейтілуде. Жалпы аудандағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін 92 адам және 16 техника жұмылдырылған.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-дағы Үлкен Нарын ауданында 21 үйдің ауласын су басқаны хабарланған.