ШҚО-дағы жолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынды.

ШҚО-дағы жолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынды
Фото: Әлеуметтік желіден

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде ауа райының нашарлауына, нақты айтқанда жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты жолдардың бірі жабылды.

«29 қараша сағат 21-00-ден бастап облыстық маңызы бар Васильевка-Бозанбай-Алғабас-Тарғын тасжолының 21-36 шақырымында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа тыйым салынды. Сондықтан жүргізушілерге өз маршруттарын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар халыққа жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға кеңес берді. 

Еске салсақ, бүгін түсте Қызылорда және Ақтөбе облыстарында көлік қозғалысына шектеу қойылғаны хабарланған.