ШҚО-дағы жүк көлігінің жарылуынан тағы 2 адам зардап шеккен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен-Самар тасжолындағы жүк көлігінің жарылуынан тағы 2 адамның зардап шеккені белгілі болды.
Оқиға кеше Өскемен-Самар тасжолының 75-шақырымында болған. Тау-кен жұмыстарына қажетті жарылғыш заттарды тасып келе жатқан VOLVO маркалы жүк көлігі жарылып, іштегі жүргізуші мен жолаушы көз жұмған.

ШҚО полиция департаменті жарылыстың басқа зардаптары жайлы ақпарат бермеді. Бірақ куәгерлердің таратқан фото-видеоларынан тағы бірнеше көліктің зақымданғаны көрініп тұр.


Осы ретте, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жарылыстан тағы 2 адамның жарақат алғанын хабарлады.
«Жүк көлігіндегі жарылыстан зақым келген басқа көліктерде отырған 2 адам жеңіл дәрежеде жарақаттанды. Олардың бірін сол маңайдан өтіп бара жатқан көліктердің бірі Өскеменге алып кетті. Ал екіншісіне дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Екеуі де ауруханаға жатқызуды қажет етпеді», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда бірнеше көліктің үстіне ағаш құлағаны хабарланған.