ШҚО-дағы 15 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 15 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-дағы 15 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, департамент мамандары су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, облыс өзендеріндегі қауіпті саналатын 15 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілген.

«Бұл жолы мұз жару жұмыстары Күршім мен Катонқарағай аудандарында жүргізілді. Осы жерлерде жыл сайын мұз кептеліп, жағалауларды су басатын. Осыған жол бермеу үшін құтқарушылар алдын ала мұзды ұсақтатты. Ең бірінші шұңқыр қазылады. Оған шамамен бес минут уақыт кетеді. Содан кейін жарылғыш зат салынады. Қауіпсіздік мақсатында бұл орындарға ешкім жолатылмайды», - делінген хабарламада.

Мұз жару кезінде 13851 шаршы метр аумақ қамтылған. Барлығы өңірдегі 18 қауіпті учаскенің 15-інде жару жұмыстары жүргізілді. Мұз қалыңдығы – 70-90 см.

Департамент мамандарының айтуынша, Шығыс Қазақстандағы көктемгі су тасқыны әдетте наурыздың екінші онкүндігінен бастап маусымның екінші онкүндігіне дейін жалғасады.