ШҚО-дағы әрбір үшінші жер үйде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы әрбір үшінші жер үйде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-дағы әрбір үшінші жер үйде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту кезеңі басталғалы құтқарушылар жер үйлерге бақылауды күшейтті.

Барлығы 67 000-нан астам үй тексеріліп, нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзудың 15 581 фактісі анықталды. Бұл негізінен пештерді, электр жабдықтары мен аспаптарды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауға қатысты болып отыр.

«Әр үйде облыстық ТЖД инспекторлары мен өрт сөндірушілер түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біздің басты міндетіміз – өрт шығуының және тұрғындарға иіс тиюінің алдын алу», - дейді департамент бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Рейдтер әрбір үшінші үйде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылғандығын көрсетті. ТЖД қызметкерлерінің тұрақты ескертулеріне қарамастан, олқылықтың орнын толтырып жатқандар аз.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыстағы жер үйлерде 211 рет өрт болды.