ШҚО-дағы археологиялық қазба жұмыстары туралы үш томдық кітап жазылады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы археологиялық қазба жұмыстары туралы үш томдық кітап жарыққа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Өскеменде «Алтай түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция өтті. Оның барысында Шығыс Қазақстан облысының аумағында бірнеше жыл бойы жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі сөз етілді. Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен археологтар, ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Сондай-ақ Түркия, Ұлыбритания, Ресей елдерінен археологтар келді.
«Өңірдегі қазба жұмыстары кезінде табылған сан түрлі жәдігерлер әлем ғалымдарын таңғалдыруда. Биыл Күршім ауданындағы обаны қазу барысында ат әбзеліне арналған алтын әшекейлер табылған болатын. Жылқының сақ тайпасынан шыққан патшаға тиесілі болғаны анықталып отыр. Тарбағатай ауданы Елеке сазы алқабындағы қорғандардың бірінен табылған музыкант-жауынгердің кескін-келбетін және ежелгі музыкалық аспаптарды қалпына келтірдік», - деді археолог Зейнолла Самашев.
Оның айтуынша, былтыр облыста табылған құнды жәдігерлер Ұлыбританияда көрмеге қойылған. Енді алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстары туралы «Қазақстан тарихы» атты үш томдық кітап жарыққа шықпақ.
«Алдағы уақытта да қазба жұмыстарын жалғастырамыз. Шетелдік әріптестермен байланысты нығайтып жатырмыз. Мәселен, Ұлыбританияның Кембридж қаласындағы археологиялық институт зертханаларын пайдалану үшін келіссөздер жүргізілуде. Еліміздегі ағылшын тілін білетін студенттерді сол жаққа оқуға жіберіп, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін білікті кадрларды дайындау жоспарлануда», - дейді Зейнолла Самашев.
Конференцияға елордадан келген тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының айтуынша, осындай шараның тарихты түгендеудегі маңызы зор.
«Алтай жерінің мәдени-рухани дәуірлеу кезеңі енді басталғандай. Алтай төңірегіндегі мемлекеттер түркі әлемінің тарихына ортақ. Бұл бізді біріктіретін фактор. Шығыс Қазақстанда осы конференция алдағы жылдарда да өткізіле берсе деген тілектеміз. Оның түркі әлемін біріктіруге, мәдениетімізді дамытуға тигізетін пайдасы өте жоғары», - деді ол.