ШҚО-дағы Бесқарағай ауылында төтенше жағдай жарияланды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданы Бесқарағай ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жер асты суы бұрынғы деңгейінен төмендемеді, сондықтан жергілікті атқарушы орган тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ТЖ жариялау жөнінде шешім қабылдады», - деп атап өтті ШҚО ТЖД.
Еске салсақ, 14 сәуірде ауыл шетінде төменгі жақтағы 9 үй мен 10 ауланы су басты. 22 адам эвакуацияланды. 4 күнде жағдай тұрақталмады.
Әкімдікте жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Оған құрамына мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлардың барлық қызметтері кіреді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин жағдайды толық бақылауына алды.
Облыстағы өзендерде және су басуы мүмкін учаскелерде мониторингілеу жалғасуда, жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 