ШҚО-дағы экология мәселесі: Өткенге шолу, келешекке жоспар
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында экология мәселесінің бұрыннан бері көтеріліп келе жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін ауаны тазартып, кәсіпорындардың зиянды шығарындыларын азайту мақсатында аз шара атқарылған жоқ. Енді алдағы уақытта іске асырылатын жол картасы өңір экологиясын жақсартуға едәуір сеп болмақ.
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанға келіп осы тұрғыда атқарылған жұмыстардың және келешектегі жоспарлардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол картасы әзірленген Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – ауа сапасының нашарлығы. Әсіресе өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде шекті рұқсат етілген концентрация көлемі 3-4 есеге дейін жоғарылайтыны халықты алаңдатып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың аяғында өскемендік оқушы қала шетіндегі қырға шығып, Өскеменді көмкерген көк түтіннің видеосын жариялаған болатын. Оқушы видеода «қала шетіне таза ауамен тыныстау үшін» шыққанын айта келе шаһардағы көк түтіннің ішінен алып мұржалар ғана көрініп тұрғанын жеткізген. Көп ұзамай Экология министрлігі оқушының видеосына жауап та берген еді.
Сондай-ақ өскемендік биші жігіт Ресейдің «ТНТ» арнасындағы «Танцы» бағдарламасында би арқылы туған жерінің экологиялық мәселесін қозғаған-тұғын.
Осы түйткілдің түйінін тарқату үшін арнайы жол картасы әзірленген.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, облыста атмосфера сапасын жақсартуға бес жылда 24 млрд теңге жұмсалады.

«Экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған жол картасында 35 іс-шара көзделген. Оның ішінде Риддер металлургия комбинатын экологиялық таза технологиялармен жабдықтау, Өскемен қаласында орналасқан ЖЭО-дағы зиянды газдан тазарту құрылғыларын жаңғырту, қолданыстағы кәріздік тазарту кешендерін қайта жаңарту, радиоактивті ластанудың жергілікті ошақтарын анықтау және жою, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою жұмыстары қарастырылған. Бүгінде Өскеменде Экологиялық-қоғамдық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Экологиялық ақпаратты онлайн режимде кедергісіз алу үшін жағдай жасалған», - деді ол.
Қандай жұмыстар атқарылды?
Бұл ретте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де ШҚО-ның экология мәселесіне үлкен назар аударып отыр.
Министр Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, Өскемен қоршаған орта ахуалы ең нашар үш қаланың қатарына кіреді. Сондықтан мұнда экологиялық шараларды күшейту аса маңызды. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен келген ол Өскемен жылу электр орталығының атмосфералық ауаны ластау деңгейін төмендету жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын 2014 жылдан бастап өндіріске ең озық қолжетімді технологияларды енгізген. Нәтижесінде ауаға шығатын қатты бөлшектер 51,3%-ға, күкірт диоксиді 17%-ға төмендеген. 2003-2019 жылдар аралығында Өскемен ЖЭС-інің экологиялық шараларға бөлген қаржысы 7,6 млрд теңгеден асып отыр.
«Өскемен қаласында негізгі екі ластаушы кәсіпорын бар. Бірі - «Қазцинк» компаниясы, екіншісі жылу электр орталығы. Әсіресе қыста, желсіз ауа райында ластаушы заттың көп бөлігі ЖЭС-тан шығады. Шығарындылар 16 мың тоннаға дейін жетеді. Дегенмен жасыл технология бойынша үлкен жұмыс істелгені көрініп тұр. Шығарындылар көлемін тағы да азайта түсу мақсатында қосымша бағдарлама әзірлеу қажет. Қысқа уақыт ішінде халық оның нәтижесін сезінуі тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ министр «Қазцинк» компаниясына барып, ондағы атқарылған жұмыстардың жай-күйін тексерді. Өткен жылы кәсіпорыннан шығатын күкірт диоксиді 16,9 мың тоннаны құраған. Бұл 2004 жылмен салыстырғанда 4 есе аз.
«Әлі алда атқарылатын жұмыстар аз емес. Алдағы жылы іске асырылатын жол картасында нақты мақсаттар көрсетілген. Сондықтан Шығыс Қазақстанның экология мәселесі назардан тыс қалмайды», - деді министр.
Пайдалы қазбалар қоры таусылуда
Мағзұм Мырзағалиевтың жұмыс сапары кезінде көтерілген өзекті тақырыптардың бірі – пайдалы қазбалар қорының таусылуы болды. Қазірде өңірде 17-20 жылға жететін қор ғана қалған.
ШҚО әкімдігінде өткен жиын барысында аймақтың минералдық-шикізат базасын дамыту турасында тереңінен сөз қозғалды. Бұл бағытта заманауи технология әдістерін қолдану маңызды болып отыр.
«Инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Облыс әкімі Даниал Ахметовпен барлауды күшейту, қосымша қаржы тарту мәселесі бойынша жұмыс тобын құруға келістік. Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Жастарды геология саласына тартуды да қолға алу қажет. Осы орайда «Қазгеология» компаниясы Шығыс Қазақстанның жергілікті жоғары оқу орындарымен әріптестікті күшейтеді», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

«KAZAKHMYS BARLAU» ЖШС геологиялық барлау компаниясының бас директоры Ғалым Нұржановтың айтуынша, пайдалы қазбалар қоры мәселесіне қазіргі уақыттан көңіл бөлінгендігі әсте дұрыс.
«Біздің компания биыл геологиялық барлау жұмыстарына 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар та әзірледік. Жыл сайын осы мақсатта қаржы жұмылдыруға дайынбыз. Себебі минералдық-шикізат қорының азаюы көптеген кәсіпорындарды толғандыруда. Тағы бір айта кетерлігі, барлау жұмыстарына шетелдік емес, тек қазақстандық мамандарды тартудамыз. Семей геологиялық колледжінен жылына 50-ден астам түлекті жұмысқа қабылдаймыз. Бұл колледжден оқып шыққан жас мамандардың білім сапасы өте жоғары», - деді ол.