ШҚО-дағы кәсіпорындар ауаға 64 мың тоннаға жуық зиянды қалдық шығарған

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі кәсіпорындардың ауаға шығарған зиянды қалдықтар көлемі биылғы алты айда 63,8 мың тоннаны құрап отыр. Оның негізгі үлесі Өскемен қаласындағы кәсіпорындарға тиесілі (49% немесе 31,2 мың тонна).
«Осылайша, Өскеменнің ластануы өте жоғары деңгейге жеткен. Осы көрсеткіш бойынша ол Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Петропавл шаһарларынан кейін 5-ші орында тұр. Ауаны күкірт диоксидімен ластауға зиянды шығарындыларының көлемі 11,6 мың тоннаны құраған «Казцинк» ЖШС-нің Өскемен металлургия комбинаты елеулі әсер етті», - делінген ақпаратта.
15 жыл ішінде металлургия комбинатында күкірт қышқылын өндіруге және газ тазарту жүйесі жұмысының тиімділігін арттыруға 314 млн АҚШ доллары сомасына инвестициялар құйылған. Соның нәтижесінде, күкіртті ангидрид шығарындылары жылына 59,2 мың тоннадан 18,7 мың тоннаға дейін немесе 70%-ға төмендеді.
Алайда бұл сол маңдағы тұрғын үйлерде экологиялық нормативтерді қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан Экологиялық кодекстің жаңа ережелеріне сәйкес кәсіпорын озық технологияларды енгізе отырып, өндірістік процестерді жаңғырту қажет. Жақын арада «Казцинк» ЖШС осы мақсаттағы стратегиялық бағдарлама жобасын аяқтап, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынбақ.