ШҚО-дағы Катонқарағай ауданында медицина қызметкерлеріне арналған үйлер салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында медицина қызметкерлеріне арналған үйлер салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-дағы Катонқарағай ауданында медицина қызметкерлеріне арналған үйлер салынды

Катонқарағай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Бұл туралы аудан әкімі Ділдар Қалиқан «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Катонқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Облыс әкімі Даниал Ахметовтың медицина қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын іске асыру мақсатында 6 пәтерлі екіқабатты 3 үйдің құрылысы аяқталды. Үйлер Катонқарағай аудандық орталық аурухананың балансына берілді. Сондай-ақ бірқатар ауылда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған үйлердің құрылысы басталды. Атап айтқанда, Шыңғыстай ауылында – 2, Аққайнар, Белқарағай, Өрел ауылдарында – 1 үйден», - дейді ол.

Ділдар Қалиқанның айтуынша, былтыр аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі үшқабатты тұрғын үй бой көтерген. Сонымен қатар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде 20 жеке тұрғын үй салынған болатын. Барлық баспана тиісті санаттағыларға кезек бойынша берілген.