ШҚО-дағы қоғамдық бірлестік көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы қоғамдық бірлестік көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Jan Ana» қоғамдық бірлестігі 2019 жылы ерікті аналар тобы ретінде өз жұмысын бастаған. Сол уақыттан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына жан-жақты көмек көрсетіп келеді.

«Әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Қордаланған түрлі мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жолдап, шешу жолдарын қарастырдық. Коронавирус пандемиясы кезінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды 3000 маскамен қамтамасыз еттік. Әр масканы бірлестік мүшелері өз қолдарымен тікті. Ауыр жағдайда қалған отбасыларға жәрдем көрсету үшін демеушілер іздеумен айналысамыз. Солар арқылы азық- түлікпен, дәрі-дәрмекпен қолдау көрсетудеміз. Пандемия кезінде 350 отбасына осылай қолдау көрсетілді», - дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.

2022 жылдың ақпан айында бірлестік заңды түрде тіркелген. Қазір онда ерікті жұмыс тобы бар. Жұмыс тобының 8 мүшесі – көпбалалы ана. «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі 8 наурыз мерекесіне орай көпбалалы аналарға және қыздарға ШҚО Достық үйінде үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырған. Ал Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Өскемендегі орталық алаңда 6 қанатты киіз үй тігіп, 250 литр наурыз көже мен 2000 бауырсақ таратылды. Құрбан айт кезінде 270-ке жуық отбасына қайырымдылық жасалды.

«Сонымен қатар бірлестік аналары қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмайды. Олар «Самал» саябағындағы алма ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің қолдауымен 35 балаға қажетті заттар сатып алынды. Дәл қазіргі таңда бізде бірнеше курс жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, тігіншілікке, шаштараз болуға үйрету, балаларды бейнелеу өнеріне баулу, қарттар мен компьютерді қолдана алмайтындарға мемлекеттік қызмет түрлерін алуды көрсету және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу курсы бар. Бұдан бөлек, осында келген азаматтар заңгер мен психологтың кеңесін ала алады. Бүгінде осы қызметтерді алу үшін 380 ана және 87 бала жүгінген. Алдағы уақыттағы облыста отбасын қолдау орталығын ашқымыз келеді», - дейді Гүлжамал Бершімбекова.


Соңғы жаңалықтар