ШҚО-дағы мектеп оқушыларының улануы: 36 бала ауруханаға жатқызылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай орта мектебіндегі тамақтан уланған 36 оқушы Өскемендегі медицина мекемесіне жатқызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Бозанбай орта мектебі оқушыларының денсаулық жағдайларына байланысты жаппай шағым түсті. Балалардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Қазіргі таңда барлығы 82 бала дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Олардың 36-сы Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына жатқызылды. Балалар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары қалыпты. Алдын ала қойылған диагноз – жедел ішек инфекциясы», - деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, кешелі бері Бозанбайда арнайы комиссия жұмыс істеуде. Оның құрамында облыстың бас педиатры, эпидемиолог, инфекционист, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары және аудан әкімі бар.

«Бүгін ауылға қарай Білім мен Денсаулық сақтау басқармаларының, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылары және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары жолға шықты. Мектептегі тамақтандыруды асхананы жалға алған жеке кәсіпкер ұйымдастырған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Әрине, бұл уәкілетті органдардың тамақтандыру жұмысын жүйелі бақылауға алмағандығының салдары. Сондықтан, жауапты тұлғалар жазаға тартылады», - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ барлық мектеп, мектепке дейінгі және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге тексеру ұйымдастырылмақ. Ата-аналарға тұрақты түрде жедел және нақты ақпарат беру қажеттігі ескертілді.

«Сонымен қатар Ана мен бала орталығында емделіп жатқан балалар да ата-аналарымен телефон арқылы байланысқа шығып отырулары қажет. Кешеден бері мектеп карантинге жабылған. Оқушылар қашықтан оқу форматына көшірілді», - деді өңір басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-дағы мектеп оқушыларының тамақтан уланғандығы хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар