ШҚО-дағы өндірістік нысандарда 1300-ден астам заңбұзушылық анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы өндірістік нысандарда 1300-ден астам заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-дағы өндірістік нысандарда 1300-ден астам заңбұзушылық анықталды

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділовтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында алдағы уақытта өтетін «Қыс» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуға жеке құрам мен техниканың дайындығы, өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралар, сейсмикалық қауіпсіздік және өндірістегі жарақаттанудың алдын алу мәселелері сөз етілді.

«Республикалық оқу-жаттығу Шығыс Қазақстанда өтеді. Себебі облыстың қысы қатал, бұрқасын және көшкін түсу қаупі жоғары. Тек өткен қыс мезгілінде 55 дауылды ескерту жарияланып, жолда қалған 249 адам құтқарылған. Көшкін қаупі бар учаскелерді тазарту үшін 90 рет жарылыс жұмыстары жүргізілді. Осындай оқу-жаттығу жыл сайын өткізіледі», - деді департаменттің ТЖ жою басқармасының бастығы Ринат Қондыбаев.

Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін Шығыс Қазақстанда 11 шара қолға алынған. Қазіргі уақытта Тарбағатай ауданы Қызыл Кесік ауылындағы тау бөктеріндегі бөгетті нығайту, Тебіске, Қарғыба, Тасжыра өзендерінің арналарын тазарту, Қарасу ауылында жағалауды нығайту және Маңырақ ауылындағы бөгетті ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Зайсан ауданында Жеменей өзенінің арнасын тазарту, Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма өзеніндегі жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілген.

«Жыл басынан бері өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 65 тексеру жасалды. Соның барысында 484 нысан тексеруден өтіп, 1330 заңбұзушылық анықталды. Инспекторлар жалпы сомасы 8 751 000 теңгеге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырды», - деді Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бастығы Андрей Измайлов.