ШҚО-дағы өрттерді сөндіруге барлық күш-құрылымдар жұмылдырылып, қауіп сейілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ​Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндірушілер түні бойы қызыл жалынмен арпалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО-дағы өрттерді сөндіруге барлық күш-құрылымдар жұмылдырылып, қауіп сейілді

Министтрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері тәулік ішінде өрт сөндіруге 57-ден көп рет шықты.

Өртті сөндіруге аймақтағы ұйым, мекеме, шаруа қожалықтарының күштері мен құралдары түгел тартылған. Барлығы 120 бірлік техника және 700-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың ішінде ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен бөлек, орман шаруашылығы, Ұлттық Ұлан, ҚР Қорғаныс министрлігіні өкілдері бар.

Өрт сөндіруге ШҚО әкімдігінің МИ-8 тікұшағы да тартылды.

Зайсан, Глубокое, Ұлан аудандарында, оның ішінде Алтай мен Өскемен қаласында үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде өрттердің қарқыны бәсеңдеді.

Ұлан ауданының Герасимовка ауылында және Каменка ауылдық округінің Борсақ учаскесінде, Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында және Өскемен қаласында Машина жасаушылар көшесінде (Согра ауданы) өрттер толық сөндірілді.

Күршім ауданында Пугачев орманшылығы мен Маралды ауылдық округінің аумағында Үшбұлақ ауылынан 14 шақырым жерде өртпен күрес жалғасуда. Жалын шарпыған аумақ анықталып жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, өңірдегі өрттердің ауданы 2000 гектардан асты.

​​ШҚО ТЖД мамандары атап өткендей, тұрғын және саяжай үйлерінің аумағындағы шөптер мен өрттердің негізгі бқлігі аймақтағы ыстықтан, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін бұзудан туындаған. Өрт сөндіру жұмыстарын 20 м/с жылдамдықпен соққан күшті жел қиындатып жіберді. Құтқарушылар облыс аудандарында дауылдың алдын алу және өрт қаупі туралы алдын ала хабардар еткен болатын.

«ШҚО ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырады. Қырағы болыңыз. Үйлердің аумағын құрғақ шөптер мен қоқыстардан уақтылы тазалаңыз. Тұрғын үйлердің жанында қоқысты жағуға болмайды. Желді ауа-райында от жағуға болмайды. Ешбір жағдайда шөпті өртеуге жол бермеңіз. Өрт кезінде 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз»,-делінген ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.