ШҚО-дағы «Өскемен-Самар» тасжолы жабылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілетіндіктен «Өскемен-Самар» тасжолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін өңірдегі тасжолдардың бірінде профилактикалық көшкін түсіру жұмыстары жүргізіледі.
«Сағат 11.00-ден бастап облыстық маңызы бар «Өскемен-Самар» тасжолының 95-102 шақырымында көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынады», - делінген ақпаратта.
Қыс мезгілі басталғалы бері облыста 46 рет жасанды жолмен қар көшкіні жүргізіліп, жалпы көлемі 37 010 текше метр қар түскен.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.