ШҚО-дағы Первомайский ауылында су құбыры әбден тозып, халық сусыз отыр

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы Первомайский ауылында су құбыры әбден тозып, халық сусыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-дағы Первомайский ауылында су құбыры әбден тозып, халық сусыз отыр

ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың жеке қабылдауына келген Шемонаиха ауданы Первомайский ауылының тұрғыны ауызсу мәселесін көтерді. Бүгінде ауылды сумен жабдықтау мәселесі өткір күйінде қалып отыр.

«Елді мекендегі су құбыры әбден тозған. Аудандарды аралаған кезімде осы ауыл тұрғындары бұл мәселеге ерекше мән беруді өтінген болатын. Енді күз-қыc мезгілдерінде халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында басталған жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, Первомайский ауылын ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленген. Жоба құны 200 млн теңгеден асады.

«Қаражаттың басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді. Бірақ қазірдің өзінде облыстық бюджеттен күзгі кезеңде орындалатын жұмыстардың бір бөлігін қаржыландырамыз. Бұл – ұңғымаларды бұрғылау және сорғыларды сатып алу. Өйткені келесі жылы барлық жұмыс аяқталып, ауылды сумен жабдықтау мәселесі түбегейлі шешілуі қажет», - деді Е.Көшербаев.