ШҚО-дағы стационарларда 300-ге жуық адам коронавирустан емделуде
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы стационарларда 300-ге жуық адам коронавирустан емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша соңғы тәулік ішінде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 10 адам тіркелді. Оның ішіндегі 9 науқаста симптом бар болса, 1 адам сырқатты симптомсыз өткеруде.
«Бір күнде 6 пациент коронавирустан толықтай сауығып шықты. 1 симптомсыз вирус тасушы үй карантинін аяқтады. Қазіргі уақытта облыс бойынша стационар жағдайында 298 пациент ем-дом қабылдап жатыр. Жалпы облыста стационарларда төсек-орын жүктемесі – 14,2% құрайды», - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін елімізде коронавирус жұқтырған тағы 456 адамның жазылып шыққан хабарланған болатын.