ШҚО-дағы ұлттық парк аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалған. Ұлттық парк қызметкерлері фотоны жариялады. Мұнда қар барысы фототұзақ объективіне бірінші рет ілігіп отырған жоқ.
«Қар барысы саны азайып бара жатқан жыртқыш ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ол Қазақстаннан басқа Қытай, Моңғолия, Үндістан, Непал, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Бутан, Өзбекстанда кездеседі. Жер бетіндегі барыстардың жалпы саны 4000-нан 6000-ға дейінгі аралықта», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2001 жылы құрылған. Ол еліміздегі ең ірі және ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Мұнда Көккөл сарқырамасы, «Рахман қайнарлары» жылу көздері, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы және 643 мың гектардан астам әсем табиғат аумағында шоғырланған басқа да көптеген көрікті жерлер бар.