ШҚО-дағы университетте 20-дан астам оқытушыға вакцина салынды
30 наурыздан бастап Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ қызметкерлері мен оқытушылары COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыруда. Алғашқылардың бірі болып препаратты жоғары оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймарданов алған. Ректор университет ұжымына вакцинаға байланысты пікірімен бөлісіп, оның маңыздылығы жайында айтты. Қазіргі уақытта білім ордасының 50-ге жуық маманы екпе салдырған. Оның ішінде 20-дан астам оқытушы бар.
Осы ретте, ШҚТУ-дың бірінші проректоры Сауле Рахметуллина екпеден кейінгі қал-жағдайымен бөлісті.
«Екпені салуға бір-екі минут қана уақыт кетті. Әр азамат туралы ақпарат электронды базада бар. Дәрігер оны қарап, қан қысымын тексеріп, коронавирус инфекциясы симптомдары болған-болмағанын сұрады. Содан соң екпе салдыруға келісім беретін қағазға қол қою қажет. Процедурадан кейін мені жарты сағат көлемінде бақылауда ұстады. Шынымды айтсам, ерекше ештеңе сезбедім, қал-жағдайым әдеттегідей болды», - деді ол.
Айта кетейік, екпе салдырғаннан кейін пациентке «Спутник-V» препаратының бірінші дозасын алғаны туралы және екінші компонентті салатын уақыты көтсетілген SMS-хабарлама келеді.