ШҚО-дағы жер үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтамаудың 4 мыңнан астам дерегі анықталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы жер үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтамаудың 4 мыңнан астам дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымы қарсаңында құтқарушылар жер үйлерге тексеру жүргізді.
«Жыл басынан бері қолға алынып келе жатқан рейдтер, акциялар мен нұсқаулықтар нәтижесінде, 2021 жылмен салыстырғанда өрт саны 15%-ға азайып отыр. Ал адам өлімі 36%-ға азайған. Атап айтқанда, биыл қызыл жалын 14 адамның көз жұмуына себепкер болса, былтырғы кезеңде бұл көрсеткіш 22-ні құрады. Сондай-ақ осы жылы бірде-бір рет өрт кезінде бала өліміне жол берілген жоқ», - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Облыс аумағындағы 3174 үй тұрғындары пеш пайдаланып отыр. Қазіргі уақытта құтқарушылар үйлерді түгел аралап шықты.
«Жалпы жеке тұрғын үй секторында 13 292 рет тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудың 4 182 фактісі анықталды», - дейді Н.Өміржанов.