ШҚО-дағы жұмыспен қамту мекемелері халыққа жалған ақпарат беріп келген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы жұмыспен қамту органдарының мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруда жалған ақпарат беріп келгендігін әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қадағалау органы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының сақталуына талдау жүргізген кезде оларды жұмысқа орналастыру мәселесі түбегейлі шешім таппағанын анықтады.
Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, ақырғы төрт жылдың ішінде жұмыспен қамту орындарына 4016 ерекше жаннан өтініш түскен, олардың 2241-і (55 пайыздан астамы) жұмыспен қамтылған.
Алайда тексеріс барысында көрсеткіштер мейлінше арттырылғаны белгілі болды. Бір мүгедектің жұмысқа орналасуы бірнеше адамның жұмысқа тұруы ретінде есепке еніп отырған.
Жыл сайын шамамен 1200-ден астам мүгедек жұмысқа мұқтаж болса, бекітілген квота арқылы оның тек 10 пайызы (138-і) ғана еңбекпен қамтылған.
Атап өтейік, соңғы төрт жылда 435 жарымжан жан жұмысқа өз бетімен орналасқан.
Заң бойынша жұмыс берушілер жұмыспен қамту органдарына әр тоқсан сайын мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке қабылдағандары жөнінде хабарлауы қажет. Бірақ іс жүзінде жұмыс берушілердің 70 пайызы (386 кәсіпорынның 271-і) ешқандай мәлімет ұсынбайды.
Ал жұмыспен қамту органдары заң талаптарының бұзылғанын көре тұра, аталған жайттар бойынша еңбек инспекциясына шағымданбаған. Сол себепті де төрт жылдың ішінде бір де бір жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған.
Прокуратура қызметкерлері еңбек құқығы бұзылған жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар қадағалау органының 8 (7232) 243299 сенім телефонына хабарласа алатынын еске салады.