ШҚО дәрігерлері аттан құлап, жамбас сүйегі сынған адамға күрделі ота жасады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері аттан құлап, жамбас сүйегі сынған адамға күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО дәрігерлері аттан құлап, жамбас сүйегі сынған адамға күрделі ота жасады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аттан құлап түскен 60 жастағы өскемендіктің жамбас сүйегі сынған. Осындай жағдайда адам тұра да, жүре де алмайды, негізгі қан тамырлары мен жүйке өрімдері қорғансыз қалады.

Ер адам жарақат алғаннан кейін бірден қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Бірақ онда жамбас сүйектерінің сынықтарын емдейтін маман жоқ. Содан соң зардап шегуші Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына ауыстырылып, шұғыл ота жасалды. Хирургтер жамбас сүйектерін анатомиялық тұрғыдан дұрыс орналастырып, арнайы бұрамалармен бекітті.

«Күрделі ота сәтті аяқталды. Қазір науқас өзін бірқалыпты сезінуде, қажетті терапиядан өтіп жатыр. Мұндай ауыр жарақат алған науқастың қалпына келуіне ұзақ уақыт қажет. Пациент үйге шығарылғаннан кейін де толықтай сауыққанша төсектен тұрмай жатуы тиіс», - дейді облыстық аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі Думан Бакербеков.

Оның айтуынша, науқас шамамен екі айдан кейін ғана аяққа тұра алады.