ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы рақымшылыққа ілінді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Вадим Овсянников пен оның қол астында жұмыс істеген Валерия Спирина бірінші инстанция сотының шешімімен рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Овсянниковтың» ісін қарауды №2 қалалық сот өткен жылы қыркүйек айында бастаған еді. Басшымен бірге қылмысқа итермеледі деп айыпталған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы да соттан бір-ақ шықты.
Өскемен қалалық соты қылмыстық істі қарауды аяқтады және шешім шығарды: В. Овсянниковты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша, 361-бап, 2-бөлім («Лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану») және 366-бап, 1-бөлім («Пара алу»), ал В.Спирина - қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмысқа итермелеу бойынша айыпты деп танылды.
Сот анықтағандай, «Овсянников В. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып еңбек етіп, облыстың медициналық мекемелерінің бас дәгіргерлерінен заңсыз түрде ақшалай қаражат жинаған. Одан бөлек, Овсянников В. «ШҚО денсаулық сақтау басқармасы» ММ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Спирина В.-мен бірігіп, бас пайдасы үшін дәрі-дәрмек жеткізушілер жеңімпаздарын анықтау жөніндегі заңсыз шешiм қабылдауда және іске асыруда қызметтік өкiлеттiгiн асыра пайдаланған».
Сот Овсянниковты 4 жылға, ал В.Спиринаны 3 жылға бас бостандықтарынан айырды, екеуінің де мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Алайда екі тұлға да ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты. В. Овсянниковтың өтелмеген жаза мерзімі 827 051 теңге айыппұлға ауыстырылды, бірақ тәркілеу мен лауазымды қызметке салынған тыйым өз күшінде қалды.
В. Спиринаны үш жылға бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.