ШҚО дүкендерінде адам денсаулығына қауіпті тауық өнімдері сатылған
ШҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында сатылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді. Жыл басынан бері сауда нысандарынан Қазақстанда және шетелде жасалған 123 құс өнімі алынған.
«Талдау көрсеткендей, бірқатар өнім техникалық регламент талаптарына сәйкес келмей шықты. Мәселен, 5 өнім денсаулыққа қауіпті деп танылды. Оның ішіндегі 3 өнімде адамға зиянды бактериялар бар. Ал 15 өнім таңбалауға қойылатын талаптарға сай болмаған. Яғни, қаптамада өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары көрсетілмеген», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ мұздатылған өнімдерде ерігеннен кейін артық ылғал табылды. Бұл тұтынушыны тікелей алдау болып саналады.
Қазіргі уақытта аталған бұзушылықтарды жою мақсатында 24 ұйғарым шығарылып, дистрибьюторлар мен өндірушілер оларды толықтай орындады.