ШҚО дүкендерінде адам өміріне қауіп төндіретін өнімдер сатылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы дүкендерде адам өміріне қауіп төндіретін өнімдер сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сауда орындарындағы өнімдердің қауіпсіздігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Осы жылдың 6 айында 944 тамақ өнімінің сынамасына алынып, тексерілген. Оның ішінде 144 сынама (15,2%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. 32 сынама халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті деп танылды. Нақты айтқанда, 13 тауардың жарамдылық мерзімі өткен, 4 сынаманың микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтіндігі анықталды.

«Жарамдылық мерзімі өткен немесе микроорганизмдер себілген өнімдерді тұтыну улануға ғана әкеліп соқпай, адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Іріктеуге алынған өнімдердің 82,6%-ы (119 сынама) таңбалау талаптарын бұза отырып сатылған. Онда сақтау шарттары, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі туралы ақпарат көрсетілмеген», - делінген департамент ақпаратында.

Тамақ өнімдерін саудалаушылар мен өндірушілерге қатысты анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, 120 ұйғарым беріліп, 72,3 келі тамақ өнімі сатудан алынды.


Соңғы жаңалықтар