ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті басшысының орынбасары 30 мың доллар пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Терроризмді насихаттағаны үшін екі  азамат 7 жылға сотталды
Фото: Pixabay.com

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласының №2 сотында ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылған облыстық экология департаменті басшысының экс-орынбасарына қатысты қылмыстық іс қаралды.

- Белгілі болғандай, департамент жергілікті алтын өндіру фабрикасына ҚР экологиялық заңнамасы нормаларының сақталуына тексеріс жасаған. Сол кезде құрылысты аяқтау мерзімдеріне қатысты жобадан ауытқу бойынша бірқатар бұзушылық анықталды. Заң бойынша осы үшін кәсіпорынның қызметі тоқтатылуы керек. Алайда сотталушы ЖШС-ні жауапкершілікке тартпау үшін 2023 жылдың мамыр айында компания директорынан 30 000 АҚШ доллары сомасында пара алған. Бұл 13 326 600 тенге, - делінген ақпаратта.

Сот шешімімен айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО экология департаментінің бұрынғы басшысы сотталғаны хабарланған.