ШҚО экологтары су мен топырақ сынамасын сол жерде зерттейтін жылжымалы жабдықпен қамтылады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының экологтары су мен топырақтан алынған сынаманы бірден сол жерде зерттеуге мүмкіндік беретін мобильді жабдықпен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі үш жылдық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында су мен топырақ сынамаларын зерттеуге арналған жаңа жылжымалы жабдық сатып алынбақ.
«Осындай жабдық келесі жылы сатып алынады. Бұл мобильді зертханада компьютермен басқарылатын дрон да бар. Осы жабдықтың арқасында экологтар қандай да бір оқиға болған жерге барып, барлық зерттеулерді сол жерде жүргізе алады. Яғни, су мен топырақтан сынама алып, зерттеу нәтижесін білу үшін Өскемендегі зертханаға барып жүрмей, оқиға орнында жұмыс істей береді», - дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.
Оның айтуынша, жаңа жылжымалы зертхана бағасы - шамамен 200 млн теңге.