ШҚО-ға келетін туристер саны жыл сайын өседі деп болжануда
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына келетін туристер саны жыл сайын 3 пайызға артып отырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде туризм саласына ерекше көңіл бөлінуде. Туризмнің емдік-сауықтыру, қысқы, ауылдық, экологиялық, этнографиялық және гастрономиялық түрлері дамып келеді.
«Туристерді орналастыру орындарының санын ұлғайту, курорттық аймақтардағы демалыс базаларын, тарихи және киелі сәулет орындарын абаттандыру, туристік маршруттар санын арттыру және көрсетілетін қызметтерді кеңейту арқылы туристер ағыны жыл сайын кемінде 3 пайызға өседі деп күтілуде. Үржар ауданындағы Алакөл жағалауында сауықтыру және жағажай туризмі қарқынды дамып келеді. Биыл 962 төсек-орындық 19 жаңа демалыс базасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 800 төсек-орынға арналған 5 демалыс үйінің құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Катонқарағай ауданында санаторийлық-курорттық емдеу қызметін кеңейту мақсатында 130 төсек-орынға арналған қонақүйлердің құрылысы аяқталды.
«Киелі жерлерге байланысты туризм де маңызды рөл атқарады. Бүгінде тарихи орындарға баратын 27 туристік маршрут әзірленді. Технотуризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа барғысы келетіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артып, 1 396 адамға жетті», - деді облыс әкімі.