ШҚО-ға келетін туристер санын арттыру үшін Марқа көлінде халықаралық жоба қолға алынады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында турист санын арттыру үшін Марқа көлінде бірегей халықаралық жоба жүзеге асырылмақ.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.
— Өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін брендтік шаралар өткізіп келеміз. Соның ішінде «AltaiFest — Өрлеу» жазғы фестивалі және «Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалін атап өткім келеді. Бұдан бөлек, Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлерінің құзыреттілік орталығы ашылып жатыр. Оны әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан басқарады. Риддер қаласында белсенді демалыс және тау шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Ал Катонқарағай ауданында 4 жұлдызды қонақ үй салынады, — дейді ол.
Қолға алынған шаралар жыл басынан туристік саладағы инвестициялар көлемін 23%-ға, қонақтарды орналастыру 50%-ға, ал демалушылар санын 20%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, Марқа көлінде бірегей халықаралық туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
— Қытайдағы Қанас және Шығыс Қазақстан облысындағы Марқа көлдерін бір туристік бағытпен байланыстыру көзделуде. Қазіргі таңда ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қанас көліне жыл сайын келетін ішкі туристер саны 10 млн-нан асады. Оның жер бедері мен табиғаты Марқакөлмен ұқсас келеді. Бірақ Шығыс Қазақстандағы көл одан бірнеше есе үлкен. Сондықтан оның туристік әлеуеті де жоғары. Өкінішке қарай, Марқакөлде әлі қажетті инфрақұрылым жоқ. Дегенмен табысты жұмыс істеп тұрған туристік жобамен байланыс орнату келушілер санын арттыруға үлес қосатын болады. Жобаның бірегейлігінің арқасында мыңдаған туристі тартуға мүмкіндік туады. Қазір Теректі ауылы маңында жаңа шекара өткелін ашып, көлге тікелей жол салу мәселелері талқылануда, — дейді Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, бұдан бұрын ШҚО-дағы дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25 пайызға артқаны хабарланды.