16:38, 29 Наурыз 2021 | GMT +5
ШҚО-ға келген құтқарушылар тобы су тасқынына қарсы жұмысқа кірісті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысына келіп жеткен күштер тобы су тасқынына қарсы шараларды бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен өңірге 52859 әскери бөлімінің 8 техникасы, Қарағанды облысынан 4 қайығы мен 10 көшпелі мотопомпа, жеке құрамның 50 адамынан тұратын топ келген болатын.
«Олар қазір Алтай ауданы мен Көкпекті ауданының Самар ауылына орналасты. Бүгін жеке құрам су тасқыны қауіпті аймақта тұрған Самар ауылынан 70 шақырымда орналасқан учаскедегі су өткізу құбырларын тазалауға кірісті. Бұл уақытта Алтай қаласында әскерилер су-жинақтауыш тоғанның, сонымен қатар су бұру арналарының деңгейіне мониторинг жасауда», делінген хабарламада.
Еске салар болсақ «Қазгидрометтің» өңірлік филиалының ақпаратына сәйкес күннің жылынуына байланысты облыстың жазық жерлерінде қар күрт еріп, қарғын су көбеюйеді деп болжанған.