ШҚО-ға менингитке қарсы британиялық вакцина жеткізілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанға менингококк жұқпасына қарсы британиялық вакцина жеткізілді. Оның бағасы өзге облыстардан 14 мың теңгеге арзан түспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиолланова арнайы брифингте айтты. Вакцина Өскемен бойынша №2 қалалық емханада, Семей қаласында да №2 емханада ақылы түрде қойылады. Британиялық препарат жұқпаның А, С, W135, Y топтарына арналған.
«Жалпы менингококк қоздырғышы 12 топқа бөлінеді. Біз әкелген екпе соның төрт тобына жарамды. Қорғау тиімділігі 70 пайыз деп бағаланған. Бір рет екпе қабылдаған адамның ағзасында 5-6 жылға дейін иммундық жады сақталады. Биылдан бері біздің облыста аталмыш дерттен көз жұмғандар жоқ. Яғни, өңірде жұқпаның нақты қай түрі таралуы мүмкін екені белгісіз», - деді Райфа Сафиолланова.
Оның айтуынша, барлық медбикелерге екпені салу тәсілдері үйретілген. Ауыл тұрғындары оны аудандық ауруханалардан алатын болады.
«Екпенің қазіргі бағасы 21 мың теңгеден асады. Бұл - республикадағы ең төменгі баға. Өзге өңірлерде дәл осы вакцина 35 мың теңгеге қойылып жатыр. Бағаның өсуіне жол бермес үшін, қатаң бақылауға аламыз», - деді басқарма өкілі.