ШҚО-ға ПТР-сыз кіргізбейді: Облыс аумағында санбекеттер орнатылды
Шығыс Қазақстан облысы Бас санитария дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша карантин 15 сәуірге дейін ұзартылды. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы өзгергенде қайта қаралуы мүмкін.
Бүгінде CОVІD-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған инфекция стационарларында төсек қорының толтырылу деңгейі – 3.3%. Облыс бойынша инфекцияның репродуктивтік R саны – 1,175.
«Семей, Курчатов қалаларының, Бесқарағай, Бородулиха, Шемонаиха, Үржар, Зайсан аудандарының әкімдері, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы, ШҚО мемлекеттік кірістер департаменті, ШҚО полиция департаменті, қалалар мен аудандардың санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармалары өңірдің сыртқы шекараларына кіріп-шығуды бақылау үшін Алматы облысы тарапына қойылатын 3 және Қарағанды мен Павлодар облыстары аумақтарындағы 3 санитарлық бекеттің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар «Ауыл», «Үбе», «Бақты», «Майқапшағай» автоөтпе жолдарындағы өткізу пункттерінде 4 санитарлық бекет қойылады», - делінген құжатта.
«Қызыл» аймақтағы өңірден келетін адамда санитарлық бекеттерді кесіп өткен кезде COVID-19 инфекциясының жоқтығын растайтын ПТР сынаманың теріс нәтижесі туралы үш тәуліктен (72 сағаттан) аспайтын анықтаманың болуы міндетті.