ШҚО-ғы шалғай 12 ауылға интернет қосылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай 12 ауылға OneWeb спутниктік интернетін орнату ұсынылды. Сонымен қатар өңірдегі байланыс сапасы төмен аумақтарды интернетпен қамту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жеделдетілмек. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлім етті.

ШҚО-ғы шалғай 12 ауылға интернет қосылуы мүмкін
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Мемлекет басшысының халықты сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау, сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитеті өңірдегі байланыс сапасы төмен әрі проблемалы аумақтарды («ақ дақтарды») тексеріп, арнайы жұмыс кеңесін өткізді.

Кездесудің басты мақсаты — өңірдегі инфрақұрылымдық түйткілдерді шешіп, халықты үздіксіз әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету болды. Инспекция барысында телекоммуникация инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары жан-жақты сараланды.

Талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы бойынша Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков әрбір елді мекен бойынша жұмыстың егжей-тегжейлі кестелерін бекітуді және олардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге ол шағын ауылдарды жергілікті әкімдікпен келіспейінше және балама шешімдерін таппайынша қамту жоспарынан алып тастауға жол берілмейтінін баса айтты.

Шалғай және қатынауы қиын елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін «соңғы миля» жобасы аясында рельефі күрделі 12 ауылға OneWeb спутниктік байланыс кешендерін орнату ұсынылды. Бұдан бөлек, Tele2/Altel операторының лицензиялық міндеттемелеріне кіретін 8 ауылды жоспарланған мерзімнен бұрын қосу мәселесі қарастырылып жатыр.

Облыс орталығы Өскемен қаласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін анықталған 24 проблемалық орынның 22-сі бойынша мәселе толықтай шешімін тапты. Ал қалған учаскелер бойынша «Ягодка» саяжай алабында электр монтаждау жұмыстары аяқталып келеді, «Болашақ» шағынауданында базалық станция орнатуға алаң таңдалуда, сондай-ақ қос мақсаттағы 7 тіреуішке жер телімдері рәсімделуде. Сонымен қатар, Лихарев көшесі мен жағалау бойындағы радиокедергілерді жою мақсатында Байланыс инспекциясы, Мемлекеттік радиожиілік қызметі және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қатысуымен бірлескен радиомониторинг жүргізу жоспарланды.

Инспекция қорытындысы бойынша комитет тарапынан операторларға антенна-мачталық құрылымдардың мүмкіндігін толық пайдалану және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жабдықтарды орнату жұмыстарын тезірек аяқтау жүктелді.

Бұған дейін Қостанай облысындағы ауыл алғаш рет интернетке қосылғанын жаздық.