ШҚО кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алудағы жаңа тексерістерге қатысты шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - 1 шілдеден бастап Қазақстанда мемлекеттік сатып алу саласында камералдық бақылаудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілді. Шығыс Қазақстандағы аудиторлар орындалған жұмыстар актілері бойынша 35,5 млрд теңгеге тәуекелдерді анықтады. Ал өңір кәсіпкерлері жаппай тексерістер мердігерлермен есеп айырысуды созып, нысандарды тапсыру мерзімдерінің бұзылуына әкелуі мүмкін деп алаңдайды.

Бір апта ештеңе сатып алмаса, қалай болады
Фото: Pexels

Қатаң бақылау тетігін енгізуге өткен жылдары орындалмаған жұмыстар үшін төлем жасау кезінде анықталған заңбұзушылықтар себеп болған. Өңірде негізсіз аударылған қаражат көлемі 2024 жылы 318,6 млн теңгені, 2025 жылы 879,9 млн теңгені, ал биыл 69,4 млн теңгені құрады.

Жаңа ережелер қолданысқа енгізілгеннен бері мамандар жалпы сомасы 63 млрд теңгені құрайтын 585 актіні қараған. Нәтижесінде аудиторлар тәуекелдерді анықтап, тапсырыс берушілерге жалпы сомасы 35,5 млрд теңгеге қатысты 267 хабарлама жолдаған.

ШҚО Мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, бұл рәсім қаржылық есеп айырысу кестесінің бұзылуына себеп болмауға тиіс.

- Камералдық бақылау бір күннен бес жұмыс күніне дейін созылады. Ол орындалған жұмыстар үшін шартта белгіленген 30 күндік төлем мерзімін ұзартпауы керек. Сонымен қатар материалдар атауындағы формалды сәйкессіздіктердің өзі заңбұзушылық бар екенін білдірмейді. Олардың сәйкестігін техникалық паспорттар, сертификаттар және бастапқы бухгалтерлік құжаттар арқылы растауға болады, - делінген ақпаратта.

Алайда өңірдегі құрылыс компанияларының тәжірибесі мүлде басқаша. Қосымша келісу кезеңдері мен қайталама тексерулер кәсіпорындардың қаржылық айналымын тежеп отыр.

- Алғашқы тексерудің өзіне бес күнге дейін уақыт кетеді. Одан кейін ескертулерді түзетуге және қайта тексеруден өтуге уақыт қажет. Соның салдарынан бүкіл процесс бір айға немесе одан да ұзақ мерзімге созылады. Осы уақыт ішінде нысанды тапсырып қойған мердігер қаражатсыз қалады. Ал ол жұмысшыларға жалақыны уақытында төлеуге, құрылыс материалдарын жеткізушілермен есеп айырысуға және салықтарды төлеуге міндетті, - дейді құрылыс компаниялардың өкілдері.

Даулы мәселеге қатысты ШҚО Кәсіпкерлер палатасы да өз ұстанымын білдірді.

- Мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылау қажеттігіне ешкім күмән келтірмейді. Алайда бақылау тетігі түсінікті әрі объективті болып, адал кәсіпкерлерге қосымша кедергі келтірмеуі маңызды. Егер жұмыстар толық орындалып, тапсырыс беруші тарапынан қабылданып, тиісті құжаттармен расталса, мердігер төлемді уақытында алуға тиіс, - дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жәңгірханова.

Мемлекеттік тапсырыс берушілер де алаңдап отыр. Өйткені құжаттарға қол қоюдың кешігуі жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық игермеу қаупін туғызады.
Өңірдің кәсіпкерлер қауымдастығы бақылау тетігін жетілдіруді, тексерілетін көрсеткіштердің нақты тізбесін бекітуді және шағын көлемдегі сатып алуларды жаппай камералдық бақылаудан босату үшін құндық шекті белгілеуді ұсынып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында 420-дан астам кәсіпкер тіркеусіз жұмыс істегені хабарланған.