ШҚО кәсіпорындарында биыл 9 адам қаза болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында жыл басынан бері 74 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан тоғыз адам көз жұмды.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері — еңбек үдерісін ұйымдастырудағы олқылықтар мен қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтамау.
— Тоғыз айда облыс кәсіпорындарында 74 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 94 адам зардап шекті. Олардың тоғызы қаза болды, ал 46-сы ауыр жарақат алды. Оқиғалардың негізгі себептері — жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер мен еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы, — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов.
Өз сөзінде ол кәсіпорындар басшылығын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда макарон өндіретін кәсіпорында жұмысшы мерт болғаны хабарланған.