ШҚО кітапханасында Балалар жылы аясында ерекше кітаптың тұсауы кесілді
Биылғы Балалар жылы аясында Өскемен қаласында орналасқан А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада жазушы Оралбек Булжановтың «Балабақшада» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап авторы Оралбек Рәбілұлы ақын, аудармашы, сазгер, әнші, термеші. Биылғы Балалар жылы аясында шығып отырған бұл кітап оның 10-15 жылғы еңбегінің жемісі.
«2006 жылы балабақшаға музыка жетекшісі болып орналастым. Сол кезде тәрбиеші мен мұғалімдерге ашық сабақ, ертеңгіліктер жүргізгенде қажетті мәліметтер, әр түрлі тақырыпқа арналған өлеңдер табу қиынға соқты. Интернет желісіндегі байланыс әлсіз болды. Сол кездердегі қажеттіліктен осы кітапта жинақталған өлеңдерім дүниеге келген», - дейді автор.
Кітап «Балабақша гимні» ән-өлеңімен басталып балабақшада өтетін әрбір мерекеге арналады.
Сонымен қатар балаларға арналған шағын әңгімелер, аударма өлеңдер, әртүрлі тақырыптарды қамтитын тақпақтар мен қызықты жұмбақтарға толы.
«2014 жылы Оралбек Булжановтың «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» туындысы ҚР Білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері жинағына енгізіліп, 2018 жылы «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Оның Балалар жылына орай шыққан жаңа кітабы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге және бастауыш сынып оқушыларына арналған нағыз базарлық болып отыр. Автордың бұл кітабында енген балалардың тілін, ойлау қабілетін дамытатын туындыларын балаларыңыз бен немерелеріңізге оқып беруге асығыңыздар», - дейді А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана қызметкерлері.