ШҚО қоғамдық кеңесі экология саласындағы түрлі мәселелердің шешілуіне атсалысып отыр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі экология саласындағы түрлі мәселелердің шешілуіне атсалысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңес жанынан түрлі бағытта құрылған комитеттер тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – экология мәселелері бойынша комитет.
Оның жетекшісі Геннадий Корешков аталмыш тақырыпта қоғам белсендісі ретінде жиырма жылға жуық уақыт тер төгіп келеді.
Комитет осы жылдың тоғыз айында 15 отырыс өткізіп, өңір аумағындағы өзекті экологиялық мәселелерді жетекші экологтармен бірлесе талқылаған.
Ауаның ластану деңгейі, ауадағы зиянды заттар мөлшері, тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға әсері, ескі көліктердің келтіретін зияны сынды тақырыптар отырыстарға өзек болды.
Тағы алты отырыс облыс аудандарында өткізілген. Қоғамдық қабылдауға 24 сұрақ келіп түсіп, барлығына дерлік жауап беріліп, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген.
«Қоғамдық кеңес деп аты айтып тұрғандай, біз ең алдымен құзырлы мекемелерге немесе тұрғындарға қажетті кеңес бере аламыз. Мәселен, кейде халық кейбір мәселелер бойынша қайда барарын білмей жатады. Өскемен қаласының өзінде экология бағытында жұмыс істейтін 8 ұйым бар. Азаматтар көшедегі ағаштардың кесіліп жатқанын көрсе, ауаның ластануына шағым айтуды көздесе, оның қайсысына барып өтініш жазатынын біле бермейді. Екіншіден, экология мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік органдарға, кәсіпорындарға ұсыным білдіре аламыз. Себебі комитет құрамына білікті мамандар, ғалымдар, әр түрлі кәсіпорын жетекшілері кіреді», - дейді комитет мүшесі Еленя Полянцева.
Оның айтуынша, бір кездері халық арасында Өскемендегі ірі кәсіпорындардың түнгі уақытта ауаны ластайтыны туралы пікір кең тарап кеткен.
Сол уақытта комитет кәсіпорындардың біріне түнгі ауаның ластану деңгейіне өлшем жүргізуге қаражат бөлуді ұсынды.
«Сондай-ақ экология саласы бойынша жол картасы жасалған кезде біздің мамандар құнды пікірлерін айтып, өз ұсыныстарын білдірген. Мысалы, құрғақ және дымқыл қалдықтарды бөлек жинау туралы ұсыныс айтылды. Өкінішке қарай, ол ұсынысымыз әлі іске асқан жоқ. Бұл контейнерлер санын шектеумен қатар, полигондағы қалдықтармен жұмыс істеуді оңтайландыратын еді», - дейді Еленя Полянцева.