ШҚО: Кривинка ауылындағы су тасқыны қаупі артта қалды - ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сенсек, барлық өңірлерде су деңгейі төмендеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен тәулікте тұрғын үйлердің аулаларын, республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын су басу жағдайы тіркелген жоқ. Барлық жерде су деңгейінің төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Ақмола облысының Атбасар ауданы мен қаласында таңертеңгі сағат 08:00-де Жабай өзеніндегі су деңгейі 2,8 метр болды. Ең жоғарғы көрсеткіш аталмыш өзенде 3,45 метр болған еді. Яғни, бұл су деңгейінің тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын білдіреді. Демек, Атбасарды су басу қаупі жоқ», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер комитетте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Астрахан ауданындағы Колутон өзенінде де су деңгейі төмендегені байқалады. Ол өзенде ең жоғарғы деңгей - 4,04 метр деп тіркелгенімен, бүгінгі күні су деңгейі 3,68 метрге дейін төмендеген.

«Десе де, ол өзенде су деңгейінің қауіпті көрсеткіші - 3,46 метр. Демек, әлі де нормадан 22 сантиметр жоғары. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 20 ауланы су алған болатын. Қазіргі таңда су 18 ауланың аумағынан жылыстады. Кеше айтқанымдай, алдағы екі күнде су деңгейі қауіпсіз көрсеткішке дейін түседі деген ойдамыз», - дейді комитет басшысы.

Владимир Беккер сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының Кривинка ауылы маңындағы (Ертіс өзені) мұз кептелісі тарқап, мұз үйінділерінің ағып кеткенін хабарлады.

«Шүлбі ГЭС-і күніне 1299 текше метр су жіберіп отыр. Яғни, күніне жіберілетін судың мөлшері 1500-ден 1299 текше метрге дейін азайған. Сол секілді Қосшы ауылы бойынша да су деңгейінің төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз», - дейді Беккер.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Владимир Беккер су тасқыны бойынша Шығыс Қазақстандағы Ертіс жағасындағы елді мекеннің жағдайын баяндаған болатын.

«Кеше мұз жару жұмыстары жүргізілді. Алайда кеше сағат 19.30 кезінде Кривинка ауылының маңында мұз кептелісі пайда болды. Ол мұз бүгін де ағып кеткен жоқ. Мұның артынша су деңгейінің көтерілгені байқалды. Осылайша, ауылды су алу қаупі бар. Ол ауылдағы 128 үйде 484 адам тұрады. Кеше ол жерде штаб құрылды. Аудан әкімі сонда барды. Ол жаққа бүгін облыстық ТЖД-ның бастығы жетті. Ауылда тікұшақ пен қажетті техникалар бар. Мұз жару жұмыстары күні бойы жүргізілетін болады. Кептеліс жойылады деген ойдамыз», - деген еді Беккер.

Соңғы жаңалықтар